Өткен жылы елімізде 35 мың мүгедек инватакси қызметін пайдаланды

Мүмкіндігі шектеулі жандардың қолайлы жүріп-тұруына арналған көлік қызметін дамытуға мемлекеттік тапсырыс орналастыру арқылы, 35 мың мүгедектің қажеттілігі қамтамасыз етілді, деп хабарлайды Bnews.kz  тілшісіне сілтеме  жасаған  Kazgazeta.kz.

Аталмыш қызмет түрі Қазақстанда 2014 жылдан бастап қоларбамен жабдықтауға қатысты медициналық ұйғарым жасалған бірінші және екінші топтағы мүгедектерді және дербес көмекшінің болуы нұсқалған бірінші топ мүгедектерін қолдаудың қосымша шарасы ретінде енгізілгені атап өтерлік жайт.

Инватакси қызметі жұмыс немесе оқу кестесіне сай еңбек ететін және білім алудағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналады. Өзге мұқтаж тараптар өтініш ретіне қарай қамтылады.

Бүгінгі таңда республикалық бюджеттен қаржыландырылатын инватакси қызметі еліміздің 13 өңірінде жұмыс істеуде (Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстары, Астана мен Алматы қалалары).

Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында инватакси қызметі жергілікті бюджет қаржысы есебінен қаржыландырылады.

Барлық инватакси қызметінде 183 автокөлік бар.

2014 жылдан бергі тиісті қызметті дамытуға жұмсалған сома мөлшері 843 млн теңгені межелесе, оның 308,8 млн теңгесі республикалық бюджетке тиесілі, 534,2 млн теңгесі жергілікті қазынадан алынған.

Өткен жылы республикалық бюджеттен 145,8 млн теңге бөлінсе жергілікті қазынадан 340,1 млн теңге тағайындалған.

Мүмкіндігі шектеулі жандар таксиін әрі қарай дамытуға 2017-2018 жылдар аралығы республикалық бюджеттен 118,8 млн теңге көзделген.

Айта кетейік, 2018 жылдан кейін инватакси қызметін қаржыландыру толықтай жергілікті бюджет есебінен жүзеге аспақ.

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.