Журналистердің экономикалық білімін көтеру керек — Сағадиев

Мемлекет басшысының үшінші жаңғыруға арналған биылғы Жолдауы аясында журналист мамандардың экономикалық білімін күшейту керек, деп мәлім етті ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

«Әрине, журналистердің экономикалық білімін көтеру керек. Себебі биылғы Жолдау аясындағы барлық шараларды xалыққа түсінікті тілде жеткізген аса маңызды. Ол — бір. Екіншіден, қарапайым xалықтың экономиканы жақсы білгені сол экономиканың өзіне де пайдалы. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мамандардың экономика бойынша арнайы білімдерін күшейткен жөн», — деді Сағадиев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Ал «Журналистерді даярлау жағынан қандай да бір өзгеріс бола ма?» деген сұраққа министр: «Әрине. Оларға арнайы курстарды енгіземіз. Сосын бізде академиялық еркіндік аясында жоғары оқу орындарына оқу бағдарламаларын өзгертуге мүмкіндік беріледі. Олар өздігімен маман даярлау жүйесін түзете алады», — деп жауап берді.

Айта кетейік, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде министр Дәурен Абаев та сараптамалық журналистиканы дамыту мәселесіне баса назар аударған болатын. Себебі қазақстандықтар теле-радио саласында кәсіби журналистердің тапшылығы мәселесін жиі көтереді. Ал баспасөзде сараптамалық материалдар аз. «Үстіміздегі жылы мемлекеттік ақпарат құралдары алдында бірқатар міндеттер тұр. Ең алдымен сараптамаға, талдау материалдарына көптеп көңіл бөлу керек. Өйткені бүгінгі таңда ақпарат өте тез таратылады. Сондықтан сол ақпараттардың мазмұны мен сапасы сай болуы тиіс», — деп атап көрсетті Абаев.

Автор: Арман Асқаров

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.