Бас прокурор полицейлердің жұмысын бақылауды күшейтуді ұсынды

Бүгін Астанада түрме реформасының IV форумында бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель «Азаптаусыз қоғамға қарай» атты жаңа жобаны таныстырды. Осыған байланысты бас прокурор құқық қорғау органдарының қызметін бақылауды күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісіне сілтеме  жасаған Kazgazeta.kz.

Форумда Иоган Меркель елімізде азаптауды қалай тыюға болатындығына қатысты жаңа жобаны таныстырып жатқан. Алайда оның сөзін бас прокурор Жақып Асанов бөлді.

«БҰҰ комитеті неге Юлоев есімді азаматтың құқығын Қазақстан бұзды деп шешім шығарды?. Біз бір нәрсені анықтай алмадық. Юлоев есімді азамат Аудандық ішкі істер бөліміне әкелінген. Оны кім алып келді? Оған кім жауап береді? Оны ешкім білмейді. Оны Аудандық ішкі істер бөліміне әкеліп, бірнеше кабинеттен өткізген. Азамат дене жарақатын алған. Осы әрекетке жауап беретін адамды таба алмадық», — деді ол.

Бас прокурор осындай заңсыздықтардың алдын алу үшін полиция қызметкерлерінің жұмысын бақылауды күшейтуді ұсынды. Оның айтуынша, ұсталған азаматтың денесінен жарақат табылса, енді құқық қорғау органдары қызметкерлері қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

«Осындай жағдайлар орын алмас үшін (ұсталған азаматты – автор) кім әкелсе, жауапкершілік соның мойнында болады. Ол (Ішкі істер бөліміне – автор) әкеледі, сол азаматқа өзі жеке жауап береді. Егер оның денесінен (ұсталған адам – автор) жарақат немесе азаптау ізі байқалса, сол азамат (полиция қызметкері – автор) қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Осыған баса назар аудару керек. Мұны құқық қорғау органдарының әрбір қызметкері білуі шарт», — деді ол.

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.