Ел емшіге сене ме?

 Әуелгі байлық – денсаулық. Бұл – әлімсақтан аян дүние. Сөз бісмілләсін осылай бастасақ, онан әрі қазіргі медицинаның хал-ахуалы төңірегінде өрбиді деген ой туындайды. Және ол шаршатады да. Тозығы жеткен тақырып. Бірақ «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек». Әлқисса. Құрметті оқырман, сіз халықтық медицинадан хабардарсыз ба? Емші, бақсы, құмалақшы, сынықшы, ұшықшы дегендердің құпия әлемі сізді қызықтырып көрді ме? Жалпы, бүгінгі қоғам осы бір ерекше дарын иелеріне үміттене де, күдіктене де қарайды. Себебі нәпақа табу үшін өзін емшімін деп таныстыратын небір алаяқ аңғал азаматтарды алдап келеді. Дегенмен ел арасында атағы алысқа мәшһүр қасиет иелері де баршылық. «Сал адамды дертінен құлантаза айықтырыпты, қатерлі ісіктен құтқарыпты» деген сыңайдағы сөздерді де жиі естіп жатамыз. Менің қызығушылығымның оянуы бір оқиғамен байланысты. Қызылорда қаласында Ербосын Серікбаев есімді 11 жастағы бала өзін емшімін деп, өмірін осы жолға арнапты, мектепке бармайтын бопты. Ақылға сыйымсыз, мүмкін емес деп кестік. Алайда әлгі емші бала күніне 5 мың адамға сеанс жасайды екен. Осы бір қаршадай бала, керек десеңіз, сүндетке де отырғызады. Ербосынның айтуынша, оның түсіне бір қария еніп: «Мен сені адам емдеу үшін жібергенмін», – деп аян берген. Жергілікті халықтың айтуынша, ерекше қасиеті бар бала қамшысымен бір салса, сал адам сауығып шыға келеді екен. Сіз осыған сенер ме едіңіз? Не де болса, бұл мәселеге бейжай қарай алмадым. Ғаламтордан емшілік қасиетке қатысты ақпарат іздеп, нәтижесіне тұшына алмадым. Мақалалар көбіне әлдебір емшіні жарнамалауға арналған немесе халықтық медицина өкілдерін тұтасымен алаяқ етіп көрсетеді. Қаншама ғасыр бойы жалғасып келген емшілік дәстүрді алаяқтыққа балай салу мен үшін оңай болмады. Сонымен, өзім де емші іздей бастадым. Телефондарын алып, хабарласып отырдым. Журналист екенімді айтсам, көбі ат-тонын ала қашады. Сонымен, науқастың рөліне кіруіме тура келді. Онда телефон арқылы да емдей салатынын айтқандар болды. Әңгімем жараспайтынын түсініп, тұтқаны тастай бердім. Әйтеуір дегенде әңгімесі түзу бір емші әуре-сарсаңсыз қабылдауға келісті. Қаладан шалғай жерде, Қарабас деген ауылда тұрады екен. Есімі – Бұланханұлы Зукан. Елімізге екі мыңыншы жылдары Моңғолиядан көшіп келген. Қажылық сапарға барған. ҚР Кәсіби халық емшілері ассоциациясының, ҚР «Шапағат» халық емшілері мекемесінің, Кәсіби халық емшілері мен дәрігерлерінің дүниежүзілік ассоциациясының мүшесі. Көп ойланбастан Қарабасқа аттандық. Алдын ала хабарласып, белгіленген уақытта жеттік үйіне. Ұзын сонар кезек. Көп ұзамай есік ашылып, орта жастағы бір азаматша шықты да: «Журналист бала, бері кел, күтіп отыр сені», – деді. Кейін білдім, Зукан қажының көмекшісі әрі жұбайы екен. Орта бойлы, жасы елулер шамасында екен емшіміз. Ақ халат киіп алыпты, бір науқасты қарап болып жатыр. Жүзі суық. Бізді көрді де: «Көп сөйлесе алмаймын, негізгі міндет – халықты емдеу ғой», – деді. Ұстанған жолына адал жан екені білінді. Сөзінің дуасы бар, жақсы әңгіме болатынын сезіп тұрмын. Қабырғаға жапсарлас қойылған кереуетке отырдық. Әзірлеп келген сұрақтарымды қоя бастадым. Мен қойған сауалдардың ең ауыры алғашқысы болғанға ұқсайды. Ұзақ үнсіз отырып барып жауап берді. Сонымен…

Емшілік қасиет дарығанын қалай аңғардыңыз?

– Әкем – емші болған адам. Монғолияда жүргенде жиырма жасымда қатты ауырдым. Сол кезде әкем: «Бұл – менің бойымдағы қасиет, саған берілді», – деп емшілік жолға салған болатын. Менің жеті атам да түгелдей емші болған. Бұл қасиет үнемі үйдің кенже ұлына беріліп отырған. Сөйтіп, алғаш рет 20 жасымда адам емдедім. Әкем: «Осы адамды сен сауықтырып шығарасың», – деп нұсқады. Аяқ-қолы сал болатын, дем беріп, ем беріп сауықтырып шығардым. Кейін Қазақстанға көшіп келдім. Қазірдің өзінде кісі емдемеген күні ауырып қаламын.

– Жалпы, емшілік туралы бірер сөз болса…

– Мен өзім Лұқпан хакім ұстанған емшілік жолдамын. Тек қана дұғамен емдеймін. Әрбір дерттің жеке дұғасы болады. Дерт адамға қалай кірсе, дұғамен солай шығаруға болады. 99 ауру және сол ауруларға қарсы 99 дұға бар. Мен сол хакімнің ұстанған жолынан алыстаған емеспін. Емшілер қайдан пайда болды дейсіз ғой? Жер бетінде Алла тағаланы адам баласы есіне алуды қойған. Жақсылық жасамаған. Содан Алла тағала жер бетіне 99 дерт жіберіпті. Содан бірі басы ауырып: «О, Аллам, шипаңды бер!» – деп сұраса, екіншісі аяғы ауырып: «О, Жаратқан, шипаңды бер!» – деп есіне алған. Бірақ Алла тағала өз құлдарын қатты жақсы көрген. Сондықтан осы дерттерден жазу үшін Лұқпан хакімді жіберген. Лұқпан хакім жер бетіндегі алғашқы емші болған. Қайталап айтамын, мен сол кісінің жолын ұстанамын.

– Адал емші мен алаяқ емшіні қалай айыруға болады?

– Бұл сұрақ маған ауыр тиіп отыр. Себебі, шындығы керек, мен білмейді екенмін. Түсінбеймін адамды қалай алдауға болатынын. Менің алдыма қаншама адам келді. Бедеуліктен жаздым, сал адамдарды тұрғыздым. Сонымен бірге сауықтыру қолымнан келмейтін адамдар да келді. Мәселен, біреу әбден асқындырып, кешігіп келеді. Қатерлі ісіктің 4-інші сатысымен келеді, мен ол кісілерді ренжітпей, еңсесін түсірмей, көмектесе алмайтынымды айтып жеткіземін. Жасаған ем-шара үшін мынша ақша бер деп те айта алмаймын. Бергеніне қанағат қыламын. Телефонмен-ақ емдейміз дейтіндер бар, фото арқылы, айдаладағы бір аруақтың басына апарып түнету, міне, осы жолмен емдейтіндер – жалған емшілер. Адамға шипаны Алла ғана береді, дұға соған сеп болады. Адамға денсаулықты аруақ бермейді.

– 11 жастағы Ербосын туралы, яғни Арал өңірінің аты шулы емшісі туралы білгім келеді. Ол адам емдеуге шынымен қабілетті ме, қалай ойлайсыз?

– Емшінің екі түрі болады: бірі – біздің жолды ұстанушылар, екіншісі – жынмен бірге емдейтіндер. Бұл балаға қасиеттің кіші түрі дарыған болуы керек. Жынның да мұсылман және кәпір боп бөлінетін екі түрі болады ғой. Сол мұсылман жындар кейде адам баласына келіп, осы бір қасиетін дарытады. Олар – мұсылман жынның аянын алғандар, көріпкелдігі де арта түседі. Олар өзіне кімнің қандай дертпен келе жатқанын алдын ала біліп отырады. Бірақ бұл жолды ұстану өте қиын. Дайын болу керек. Әйтпесе ол өзі ауырып қалады. Біз бен бұлардың емдеу жолдары жер мен көктей әр түрлі.

– Дәстүрлі медицина мен халықтық медицинаны біріктіруге қалай қарайсыз? Меніңше, бұл екеуі бір-бірін аса мойындай қоймайтын секілді…

– Мен дәстүрлі медицинаны құрметтеймін. Егер науқастарды емдеуге шамасы жетіп тұрса, ота жасау керек болса, мен дәстүрлі медицинаға жіберемін. Бірақ бұл медицинаның күші жетпейтін тұстарын қайда қалдырасыз? Темекі, арақ, анашаға тәуелділікті түбегейлі жоюда, бедеулік, адам баласына жын кіріп кетуді емдеуде халықтық медицинаның таптырмас құрал екені даусыз деп ойлаймын. Дәрігерлер мойындамайды дегенге келіспеймін. Маған қанша дәрігер келіп емделіп кетіп жатыр. Дәстүрлі медицинаның көп тұсын бізге қолдануға болмайтыны болмаса, меніңше, осы екі саланы біріктірген дұрыс.

P.S.Осылай біздің әңгімеміз соңына жетті. Келген науқастардың күтіңкіреп қалғанын және ескеру керек. Негізгі деген сауалға жауап алған соң, менің де көңілім жай тапты. Естелік суретке түстік, сонымен, қоштасып тарқастық. Емшінің де емшісі болады деп түйдім. Құрметті оқырман, ал сіз ше, емшіге сенесіз бе?

Аян Азамат

«Халық ақпарат» газетінің меншікті тілшісі.

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.