Назарбаев: Өзбекстанның жаңа басшылығы кедергілерді жойды

Нұрсұлтан Назарбаев соңғы айларда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастардың қалай өзгергенін айтып берді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

«Кейінгі кезде қарым-қатынасымыз басқаша өрбіп жатыр. Соңғы бес айда екі ел арасындағы тауар айналымы 30 пайызға артты. Төрт сауда үйі ашылды, 30 пайызға дәнді-дақыл және өзбек жемістері мен көкөністері 25 пайызға артты. Бұл Өзбекстанның жаңа басшылығы мүмкіндігінше сауданы ашып, кедергілерді жойғанының арқасы. Өзбекстан мен Қазақстан арасында шешілмеген мәселе жоқ: аумақтық, шекаралық, саяси, экономикалық тұрғыда да. Біз ақ парақ секілдіміз, оны халқымыздың игілігі үшін жасалған істермен толтырамыз», — деді Елбасы Өзбекстан перзидентімен кездесуден кейін.  Мемлекет басшылары Арал теңізіне қатысты мәселелерді де талқылады.  «Тағы да ортақ шешімге келіп отырмыз. Аралды құтқару бойынша халықаралық қор бұл мәселені шешетін және екі ел қарым-қатынасының платформасы болады», — деді Нұрсұлтан Назарбаев. Президенттің айтуынша, келіссөздер барысында тараптар су-энергетикалық кешен мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Мемлекет басшылары шекарадағы өзендерге жаңа гидротехникалық құрылыстар салу бойынша пікір бөлісті. Мемлекеттік іссапар аясында бірнеше құжатқа қол қойылды: Қазақстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты тереңдету және ізгі көршілестікті күшейту туралы ортақ декларация; Аймақаралық ынтымақтастық бойынша келісім; 2017-2019 жылдарға арналғман экономикалық ықпалдастық стратегиясы; Екі ел арасында пайда мен мүлікке екі жақты салық болмау туралы келісімге толықтырулар мен өзгертулер енгізу протоколы; Қорғаныс министрліктері арасында әскери ынтымақтастық жөнінде келісім.  Еске салайық, Шавкат Мирзиеев 2016 жылдың 4 желтоқсанында Өзбекстанда өткен сайлауда 88,61 дауыс жинап, жеңіске жеткен. 14 желтоқсанда ол ресми түрде қызметіне кірісті.

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.